Skip to content

Қош бол, ұлағатты ұстаз!

Тарихтың тереңінен сыр шертіп, талай буынды білім нәрімен сусындатқан аяулы ұстаз, ардагер педагог Петрова Галина Петровнаның есімі шәкірттері мен әріптестерінің жүрегінде жарқын із қалдырды.

Галина Петровна 1974 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін тәмамдаған. Сол жылы жас маман ретінде жолдамамен Маңғыстау өлкесі, Баутино поселкесінде орналасқан А.М.Горький атындағы орта мектепке тарих пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Осы білім ошағы оның 44 жылдық қажырлы еңбегінің куәсіне айналған.

Ол өз ісіне деген адалдығы мен кәсіби шеберлігінің арқасында білімді де тәрбиелі ұрпақ тәрбиелей білді. Галина Петровна дайындаған шәкірттер қалалық, аудандық, облыстық және республикалық пәндік олимпиадаларда топ жарып, жүлделі орындарды иеленді.

Шәкірттері ұлттық бірыңғай тестілеуде (ҰБТ) жоғары көрсеткіштер көрсетіп, ұстаз сенімін ақтады.

Көп жылғы ұстаздық қызметі мен білім саласына қосқан айрықша үлесі үшін Галина Петровна бірнеше марапаттардың иесі атанды:

☆Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің Алғыс хаты;

☆«Маңғыстау облысына 40 жыл» мерекелік медалі;

☆Облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасы;

☆Аудан әкімінің Құрмет грамотасы.

2018 жылы мектеп ұжымы құрметті демалысқа шығарып салған Галина Петровна бүгінде арамызда жоқ. Десе де, оның берген білімі, адамгершілік асыл қасиеттері мен ұстаздық жолы – келешек ұрпақ үшін нағыз мектеп.

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген ұлы сөздің айнасы болған Галина Петровнаның бейнесі жадымызда мәңгі сақталады.

Мектеп ұжымы Петрова Галина Петровнаның артында қалған қызы Нина Юриевна Петроваға және жақындарына қайғыра көңіл айтады.